Алматыда өткен II Қазақстан фармацевтикалық форумы отандық денсаулық сақтау жүйесіндегі маңызды кезеңдерді талқылаудың орталығына айналды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен өткен бұл жиынға саланың жетекші мамандары, отандық және шетелдік фармацевтикалық компаниялардың өкілдері, сондай-ақ дистрибьюторлық ұйымдардың басшылары бас қосты.
Форум күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі – Қазақстанның фармацевтика нарығына инвестиция құюдың тиімді жолдары болды. Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев келтірген деректерге сүйенсек, соңғы 7 жылда бұл салаға салынған қаржының көлемі 10 есеге жуық ұлғайған. Бұл – мемлекеттің отандық дәрі-дәрмек өндірісін қолдау және сырттан келетін өнімдердің орнын басу бағытындағы жұмыстарының оң нәтижесі. Үкімет алдағы уақытта Қазақстанда өндірілетін дәрі-дәрмектердің үлесін 50 пайызға дейін арттыруды көздеп отыр.
Вице-министр Е.Нұрлыбаев өз сөзінде Қазақстанның 2029 жылға дейінгі даму жоспарындағы фармацевтика саласына қатысты негізгі міндеттерді атады: халықаралық фармацевтикалық компаниялармен серіктестікті нығайту, инвестициялар мен озық технологияларды тарту, өндірісті шоғырландыру. Ол сонымен қатар инвестициялық келісімдер негізінде келісім-шарттар көлемін ұлғайту және отандық өндірушілермен толық циклді өндірісті жолға қою жоспарда бар екендігін мәлімдеді. Фармацевтика саласын дамытудың нақты жобаларын әзірлеу үшін Денсаулық сақтау министрлігі жанынан арнайы жобалық кеңсе жұмыс істейтін болады.
Инновациялық бағыттағы фармацевтикалық компаниялардың басшыларымен өткен кездесуде мемлекет пен халықаралық серіктестер арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығы туралы айтылды. Әсіресе, инновациялық дәрі-дәрмектерді Қазақстан нарығына шығаруды жеделдету және елімізде клиникалық зерттеулер жүргізу мүмкіндіктері талқыланды.
«АстраЗенека» компаниясының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Мария Шипулева өз баяндамасында мемлекет пен инновациялық фармацевтикалық компаниялар арасындағы қарым-қатынастың жақсарғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, «АстраЗенека» Қазақстандағы келісім-шарттық өндіріс аясында созылмалы бүйрек ауруы, жүрек-қан тамырлары аурулары және 2 типті қант диабетін емдеуге арналған жаңа буын дәрісінің алғашқы топтамасын шығаруға дайындалуда.
Сонымен қатар, Мария Шипулева «АстраЗенека» компаниясының Қазақстанда ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын атап өтті. 2024 жылы компания екі клиникалық зерттеу жобасын қолға алды: біріншісі – созылмалы бүйрек ауруларын емдеудің қазіргі әдістерін салыстырмалы талдауға арналған жергілікті зерттеу, екіншісі – 2 типті қант диабеті, гипертония, жүрек және бүйрек ауруларымен ауыратын науқастарды емдеудің тиімділігін арттыруға бағытталған халықаралық iCareMe бағдарламасы. Қазақстан тарапынан бұл зерттеуге 8 медициналық орталық пен 18 дәрігер-зерттеуші қатысуда. Бұдан бөлек, компания бүйрек ауруы және жоғары протеинуриясы бар науқастарда дәрі-дәрмектердің жаңа комбинациясының қауіпсіздігі мен тиімділігін зерттейтін ZODIAC клиникалық зерттеуінің үшінші фазасын бастау үстінде. М.Шипулева компанияның келісім-шарттық өндіріс пен ғылыми зерттеулерге бөлген инвестициясының жалпы сомасы 8 миллиард теңгеден асқанын жеткізді.
Қорыта айтқанда, Қазақстан фармацевтикалық форумы отандық фармацевтика саласының даму бағыттарын айқындап берді. Инвестиция тартуды ынталандыру, инновациялық технологияларды енгізу және халықтың сапалы дәрі-дәрмектерге қолжетімділігін қамтамасыз ету – алдағы уақыттағы басты міндеттердің қатарында.